Ауданымызда Ұлттық спорт ойындарының орталығы ашылады

Ауданымызға қарасты Сарыжар ауылында Ұлттық спорт ойындарының орталығын ашу жоспарлануда. Осы игі мақсатта Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты, «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сансызбай, аудан басшысы Медет Ысқақов және құрылымдық бөлім басшылары Сарыжар ауылында болды. Ұлттық спорт ойындарына арнайы жерді белгілеп, жұмыс барысын талқылады.

Орталықтың негізгі мақсаты – тұрғындар арасында ұлттық спорт түрлері мен ойындарын насихаттау және сапасын арттыру. Сондай-ақ, спорттық іс-шаралар мен турнирлерді ұйымдастыру, жас спорт дарындарын анықтауға мүмкіндік беру болмақ.
Ұлттық спорт ойындары орталығында бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге алу, садақ ату, асық ату сынды түрлі жарыстар ұйымдастырылатын болады деп жоспарлануда.
Ауыл әкімі Бекболат Сәрсенбаевтың айтуы бойынша, бұл игі шара жергілікті тұрғындардың ұсынысы арқасында жүзеге аспақ. Себебі, бүгінде бұл ауылда жабағы-тайға мінген баланы жиі кезіктіресің. Ат жалын тартып мінетін балалардың қатары көп. Ауылда атбегілік кәсіп қанат жайған. Ал, ауыл азаматтары жастайынан жылқыға үйір боп, жануардың қадір-қасиетін сезініп өсіп келе жатқан балаларды атқа мінуге үйретеді екен. Бұл ауылда атқа міну мәдениеті, жалпы ұлттық дәстүрді жаңғырту бағыты алға басқан. Екіншіден, ауыл облыс орталығына жақын, ұлттық спорт ойындары орталығын ашуға қолайлы жер.
Жалпы айтқанда, жоспарланған бәйге алаңы бар ипподромды ашу алдағы жылдардың еншісінде. Осы мақсатта бүгінгі күні Сарыжар ауылының шетінен арнайы жер белгіленген, жоба дайындалуда.

Біздің анықтама:
Қазақтың ұлттық спорты мен ойындарының барлығы халық жаппай қатынасатын ойындар қатарына жатады. Ұлттық спорт түрлері — еліміздің бренді. Қазақ халқы ежелден барлық мерекелерде жарыс ұйымдастырған. Бұл байқаулар барысында көрермен халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен де таныса алады.
Осы орайда, қазір халық арасына көп тараған спорттың ұлттық түрі мен ойындарының кейбір түрлеріне анықтама берсек.

Аударыспақ

Аударыспақ — спорттың ұлттық түрлерінің ішіндегі ең бір қызықтысы. Ол жарысқа қатынасушыдан күшті, самдағайлықты, төзімділікті, батылдықты, тапқырлықты, ат үстінде өзін жақсы ұстай білуді талап етеді. Аударыспақ, атқа мінген екі жігіттің бірін-бірі аударып тастап не ерден жұлып алу үшін шайқасатын ойын. Аударыспақ үшін атты таңдап алудың маңызы зор. Оған әрі күшті, әрі шапшаң аттар керек. Ірі және биік аттар аударыспаққа жарамайды. Себебі оның үстіндегі адамды оңай аударып алуға болады.

Бәйге

Бәйге — қазақтың ат спорты ішіндегі ел арасына ең көп тараған түрі. Бәйге ұзаққа шабатын — аламан бәйге және жақын жерге шабатын бәйге болып бөлінеді. Бәйгенің бір ерекшелігі қырлы дөңесі бар табиғи кедергілер арқылы өткізілетіндігінде. Бұл спортшыларға талапты күшейте түседі. Атқа шабушы тек күшті болып қана қоймай, атқа жақсы шаба және өз атының күшін дәл бағалай білуі керек. Бәйгеде спортшының тактикалық шеберлігінің орасан зор маңызы бар. Қөп жағдайларда аты жүйрік және мыкты спортшылар емес, жарыс жағдайын дұрыс түсініп, өзінің сәйгүлігінің күшін дұрыс біле білген адам ұтып шығады.
Жарысқа атты дұрыс әзірлеудің маңызы зор. Егер ат жақсы жаратылмаса бәйгеден озып шыға алмайды. Атты дұрыс жарата білу және оның ерекшеліктерін ажырату табыс кілті болып табылады.

Көкпар

Көкпар — ұлттық спорттың тамыры дәстүрлі қасқыр аулаудан бастау алады. Ойынның мәні қарапайым, екі команда (әрқайсысында 4 көкпаршы) ешкінің етін игеріп, оны қарсыласының қазанына барынша көп рет лақтыруы керек. Көкпарды бірнеше спорт түрлерінің — күрес, регби және атқа мінудің өзара әрекеті деп атауға болады. Әрине, көкпар экстремалды спорт түрі, бірақ заманауи құрал-жабдықтар қатысушылардың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Бұл ретте малдың ұшасын тиісті салмақтағы муляжбен ауыстыру мәселесі жиі туындайды. Ойында футбол немесе хоккей элементтері бар болса да, олар физикалық белсенділік тұрғысынан жеңіліске ұшырайтыны анық.

Асық ату

Асық ату — асық (қой сүйегі) ойыны қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Көптеген балалар ойындары асық ойынымен байланысты, бұл қазақтардың мал шаруашылығына негізделген көшпелі бейнесімен түсіндіріледі. Қазақтың ұлттық ойындарының көпшілігі табиғи (табиғи) заттармен ойнауға негізделген. Сондықтан асық ойыны көне ұлттық ойындардың бірі болып саналады. Жастайынан асық ойыны балалардың жүйке жүйесін шыңдап, ұқыптылық, есептей білу, төзімділік сияқты қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.

Тоғызқұмалақ

Тоғызұмалақ — қазақтың халық ойыны, тақтада 18 ойын және екі жинақтаушы ойық бар. Ойын түріктер киелі санайтын 9 санына негізделген (тоғыз ойнайтын ойық, әр ойықта бастапқыда тоғыз шар бар). Ойын математикалық ойлауын дамытып, төзімділікке тәрбиелейді. Кеш төрт-бес сағатқа созылуы мүмкін. Ойын барысында қарсыластар барлық төрт негізгі математикалық әрекетті қолдануы керек. Ойын тек жылдамдықты санауға ғана емес, тактикаға да құрылған.

Жамбы ату

Садақ ату — жер шары халықтарының барлығына ежелден мәлім. Ол қазір де спорттың бір түрі болып саналады. Садақ атудан ресми жарыстар Европа мен Азияның бірсыпыра елдерінде өткізіліп, дүние жүзінде бірінші орын алу жарыстары да ұйымдастырылады. Садақ ату бір кезде Қазақстанда да кеңінен тарап, спорттың ұлттық түрі ретінде барлық спорттық мерекелердің бағдарламасына енгізілетін. Қазақ жігіттері өздерінің мергендіктерін, шеберліктерін көрсетіп тіпті шауып келе жатқан аттың үстінен қарақшыға садақ оғын дәл тигізетін. Әдетте жарыс өткізілгенде жамбыны биік сырықтың басына қыстырып қойған. жамбыны алу үшін садақ оғымен қылшылбырды қыйып түсіру керек болатын. Әйткенмен соңғы кездерде спорттың бұл өте қызықты түрі Қазақстанда мүлде ұмыт қалып келеді.

Жаяу жарыс

Жаяу жарыс — ойлы-қырлы жерлерде өткізілетін жаяу жарыс қазақ халқына көптен бері таныс. Осы уақытқа дейін жарысты өткізудің белгілі бір реті жоқ. Жаяу жарыстың кростан айырмашылығы шамалы болғандықтан кросты өткізудің ережесінің негізгі элементтерін жаяу жарысқа қолдануға болады. Бұл жарыстың кейбір өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, еркектер үшін 1 000, 1 500, 2 000 және 2 500 метрлік қашықтықтарды, әйелдер үшін 500, 800 және 1000 метрлік қашықтықтарды ұсынуға болады. Жасөспірім жігіттер мен қыздардын 500, 800, 1 000 және 300, 400, 500 метр жерге жарысуына болады. Жарыстың бұл түрімен әсіресе 13-14 жастағы балалар мен қыздар көп шұғылданатын болғандыктан оларға 300 және 500 метр жерге дейінгі қашықтықтардың кез келгенін ұсынуға болады.
Жаяу жарыс жалпы дене шынықтырудың өте құнды түрі болып табылады. Ол адамды күштілікке, батылдыққа, төзімділікке, тапқырлыққа, жергілікті жағдайды дүрыс бағалай білуге баулыйды. Жарысқа әзірленудің өзі адамның жүйке жүйесін жетілдіріп, денесін шынықтырады. Жаяу жарыс спорттың басқа түрлерінің өкілдері үшін де жаттығудың тамаша түрі бола алады. Оны спорттық жарыстардан кейін шаршағандықты жою үшін қолдануға болады.

Қазақша күрес

Қазақша күрес — қазақтың ұлттық спортының тамаша түрлерінің бірі. Қазақша күрестегі бір ерекшелік шалу және қайыру сыяқты әдістердің өте байлығында. Мұнда түрегеп тұрып лақтыру немесе жатаберіс тастау, белге салып лақтыру сыяқты әдістері де қолданылады. Бұл негізгі әдістерге палуан аяғын жиі пайдаланады.

Түйін.
Ұлттық спорттың бұл түрлеріне қалың көпшілікті қызықтырып, тартуға болады. Айтқымыз келгені, қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы зор. Таяудағы уақытта ұлттық спортымыз өркендеген аудандардың бірі болсақ нұр үстіне нұр болары анық.
Ауданымызда, соның ішінде таңдалып отырған Сарыжар ауылында ұлттық спорттың түрлерін кеңінен дамытуға мүмкіншілік барынша жасалса. Ұлттық ойындарды біз Наурыз мерекесі қарсаңында ғана еске түсіреміз де, кейін ол келесі жылға дейін ұмыт қалады. «Алдағы уақытта орталық ашылып, аудандағы ұйымдастырылатын көпшілік мерекелерде жоғарыда аталған ойындар бағдарламаға енгізілсе артық етпес еді-ау» деген ой келеді.
Атадан балаға мұра болған ұлттық құндылығымыздың жібін үзбей, әрі қарай жалғау — әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Өз жерімізде тұрып өзіміздің ұлттық ойындарымызды ұлықтай алмасақ өзімізге сын. Сондықтан да, ойға алынған осынау бір келелі іске сәттілік тілейміз!
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.