Жұдырықтың ақысы – қылмыстық жаза

«Арамдыққа құл болма адал болсаң, әлсіздерді қинама адам болсаң», дегенді бұрын «Даналық сөздері» атты кітаптан түйгенім бар еді. Әлбетте, әлсізге әлімжеттік жасау, қауқарсызға қол көтеру осал адамның олқы тұсы. Мәселен психолгтар «Ең әлсіз еркек – әйеліне қол көтерген еркек» деп баға береді. Себебі, өмірде өзінің орнын таба алмаған, жолы болмаған адам ғана дәрменсізден өшін алатын көрінеді. Мұндай проблема бүгін ғана емес, бұрыннан бар. Оның ішінде «кухный боксерлардың» өнерлері мен кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық жасауға құмар азғындардың әрекеттері қоғамды соңғы уақытта көп толғандырып кетті. Тіпті, көптеген ата-аналар есік алдына шыққан балаларына алаңдап үреймен отыратындығы жасырын емес. Ақпаратқа оңай қол жеткізе алатын заманда, жаға ұстататын жағдайлар әлеуметтік желі арқылы көптің көз алдынан өтіп жатыр. Алаңдамасқа лажы қалмады халықтың.
Бүгінде әлеуметтік желі арқылы халықтың назарын аулап отырған Бишембаевтің әрекеті де қоғамда қордаланған проблемалардың өзегіне айналып отырғандығы шындық. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 300-ге жуық арыз түседі. Ал сол тұрмыстық жанжалдан 80 әйел қаза табады. Бұл ресми, еліміздің Бас прокуроры мәлімдеген мәлімет.
Мемлекет басшысы 2022 жылдың 16 наурыздағы және 2023 жылдың 1-қыркүйегінде жолдаған Қазақстан халқына арналған жолдауларында осы түйткілдерге қатысты әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Одан бөлек Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да тілге тиек етті.
Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берген Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегінде Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын әзірледі. Бұған ҚР Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері көп үлес қосты. ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды Сенат депутаттары екі оқылымда мақұлдады. Сөйтіп, күні кеше ел Президенті аталған заңға бармақ басты.
Заң жобасын әзірлеген Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2017 жылдан бері денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрып-соғу тек ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық баптарымен ғана қаралып келген. Ал содан бері статистика бойынша елімізде әйелдер мен балаларға қатысты отбаслық зорлық-зомбылық 3 есеге өскен.
Енді тентектер заңмен тезге алынбақ. Өйткені, жұдырық алып жүгіріп ұрып-соққан, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендер, бұрынғыдай Әкімшілік жауапқа емес, бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне жаза тым қатаң. Тек «шаш ал десе бас алып», қорғаймыз деп, нақақтан-нақақ кейбір тағдырлар қорланып қалмаса болғаны. Бұл енді үкім шығаратын соттың әділдігіне байланысты.

Ануар Искарин,
«AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының
атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаты.