Бала тілін тапқан тәрбиешілер байқауы

«Тәрбие тал бесіктен» — демекші, бүгінгі балабақшаларда бүлдіршіндерді тәрбиенің алғашқы сатыларынан өткізіп, олардың ұғымына, қабілетіне қарай баулу істері қарқын алуда. Әлбетте, оң-солын әлі тани қоймаған балалардың ой-санасын оятуға үлкен жауапкершілікпен кіріскен жан ғана жақсы нәтижеге жетеді. Осыған орай, балабақша тәрбиешісіне қойылатын талап жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Бүлдіршін балалардың тәрбиешісі үнемі ізденіс үстінде болғаны оның өзіне пайда, айналасына үлгі, сондай-ақ баласын бақша тәрбиесіне берген ата-ана үшін де алаңдаушылық туындамайтыны белгілі.
Сондықтан, әрбір балабақшада тәрбиешілер өз жинақтаған тәжірбиелерін өзге әріптестермен бөлісіп отыруы керек-ақ.
Міне, осы мақсатта, аудан орталығындағы «Нұрсәт» балабақшасында «Үздік тәрбиеші — 2024» байқауы ұйымдастырылды. Аталған шара үздік тәрбиеші-маманның жұмыс тәжіребиесін, кәсіби деңгейін және шығармашылық шеберлігімен танысып, анықтау мақсатында болды.
Байқауда балабақша тәрбиешілерінен алты үміткер бақтарын сынап көрді. Алты тәрбиеші-маман да өз мүмкіндіктерін барынша байқата алды. Іс-шара барысында тәрбиешілердің балаларға деген сүйіспеншілігін, өз ісіне деген тиянақтылығы мен үнемі ізденісте жүретіндіктері көрінді.
Сайыс нәтижесінде тәрбиешілер арасында жүлделі үш орын анықталды. Соның ішінде, шын мәнінде бала тәрбиесінің бағбаны екендіктерін байқау барысында айғақтап шыққан Асем Калдикулова 1-ші орынды, ал Бағила Шаканова 2-ші орынды алса, жүлделі 3-ші орынды Балерке Юсупова иеленді.
Байқау соңында «Нұрсәт» балабақша меңгерушісі Самал Калышева ауызбірлігі жарасқан ұжым қызметкерлеріне табыс, жетістіктер тіледі.
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.