Фракция отырысы

Мәртөк аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы өтті

«AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филианың атқарушы хатшысы Ануар Искариннің төрағалығымен өткен отырыста депутаттар фракция жетекшісін сайлады. Аудан мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының тізгінін партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин алды. Бұдан кейін фракция мүшелері күнтәртібінде «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының 2023-2027 жылдарға арналған Мәртөк ауданының Жол картасының орындалуы, Мәртөк ауданында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың жағдайы туралы Мемлекеттік жастар саясатын аудан көлемінде жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселелерді қарады.
Мәртөк аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаеваның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бағытындағы ауданның Жол картасында биылғы жылы орындалмай қалу қаупі бар көрсеткіштер бар. Нақтырақ айтқанда, ауылшаруашылығын дамыту бағыты бойынша 258,0 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарта отырып және 10 жұмыс орнын құра отырып, «Otis Ortadogu Makina» компаниясының қант зауытын салу, 17,0 млрд теңге көлемінде инвестиция тарта отырып және 50 жұмыс орнын құра отырып, «Milker» ЖШС сүт-тауар фермасын салу. Бұл аталған жобаларды жүзеге асыруға қазіргі уақытта аталған компаниялар ниет танытпай отырған көрінеді. Алайда, аталған жобалардың орынына басқа жобалар ұсынылып отыр. Олардың бірі жоба құны 4,6 млрд.теңге тұратын «Айс» ЖШС-нің «800 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салу» жобасы. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып 2025 жылдың 2 тоқсанында аяқталады. Ал екіншісі жоба құны 20,0 млн.теңге тұратын «АгроААА» ЖШС-нің «30 мың басқа арналған құс фермасын салу» жобасы. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталатын болады. Жол картасында аталған жобаларды өзгерту бойынша ұсыныс әзірленіп Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына және «AMANAT» партиясына жолданған.
Мәртөк аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрмұхан Құлшанаевтың айтуынша, қазіргі таңда Мәртөк ауданында екі әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Мәртөк ауылында 39 екі пәтерлі жалға берілетін-коммуналдық тұрғын үй құрылысы және Қаратоғай ауылында спорт кешенінің құрылысы. Мәртөк ауылында 39 екі пәтерлі жалға берілетін-коммуналдық тұрғын үй құрылысы» нысаны бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына шарт 2020 жылы «ҚазПромСтройГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалды. Қазіргі таңда жұмыстар 90% орындалды. Атап айтқанда, 39 үйдің қабырғалары көтерілген, шатырларды жабу бойынша жұмыстар толық аяқталды, 39 үйде терезе блоктарын монтаждау жұмыстары аяқталды, барлық үйлерде сыртқы есіктерді монтаждау жұмыстары аяқталды, керамикалық плиткаларды төсеу жұмыстары аяқталды, 39 үйде сылақ және стяжка орнату жұмыстары аяқталды, 39 үйде ішкі газ құбыры және электр қуатын жүргізу жұмыстары аяқталды, 39 үйге газ плиталар, су және газ есептегіштері, газ сигнализаторлары, жылыту радиаторлары сатып алынды, 25 үйде жылыту және сумен жабдықтау жүйесін монтаждау жұмыстары аяқталды.
«Қаратоғай ауылындағы спорт кешенінің құрылысы» нысаны бойынша 2021 жылғы 18 маусымда «Ер-Қанат Сервис» ЖШС мердігерлік ұйымымен 197 731,7 мың теңге сомасына шарт жасалды. Қазіргі таңда қабырға панельдерін орнату жұмыстары аяқталды, шатырды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Нысан ағымдағы жылдың 3 тоқсанында аяқталады.
Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Адайбек Абдакиев сөзіне сүйенсек, Мәртөк ауданы бойынша 14-35 жас аралығында 8390 жас бар. Бұл аудан тұрғындарының 24,8 пайызын құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын аудан көлемінде жүзеге асыру мақсатында 2024 жылы 171 іс-шара жоспарланып, бүгінгі күні 62 өткізілген. Іс-шаралар барысында 1465 жас қамтылған.
Отырыстың барысында фракция мүшелері күнтәртібіндегі мәселелерге қатысты бірқатар ұсыныстар берді.