Қош келдің, Әз-Наурыз!
22 наурыз — Ұлыстың ұлы күні. Ата-баба сөзімен айтқанда ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз мейрамы — бұл көктем мен еңбектің мерекесі, күн мен түн теңесетін күн. Бұл мейрам көктем мен жаңа күн мерекесі.
Көктемнің оснау бір керемет мерекесін ауданымыздың тұрғындары да атап өтті. Аудан орталығында Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Жаңа жыл мейрамына орай Мәртөк ауылдық округі әкімдігінің алаңында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік думан ұйымдастырылды.
Биылғы Наурыз мейрамы ерекше. Ауа райы да мейірін төгіп, халықтың көңіл-күйі көте¬ріңкі болды. Наурыз мейрамын тойлау үшін Мәртөк ауылдық округі әкімдігінің алдында қазақы үлгіде әспеттелген киіз үйлер тігіліп, сән-салтанаты жарасып есігін айқара ашты. Алдымен ақ кимешек киген аналар орталық көшемен шеру жасап, шараның шырайын ашты. Жиналған көпшілікті батырлар мен тазылар қарсы алды.
Аудан әкімі Медет Ысқақов халықты көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
— Құрметті ауылдастар және аудан қонақтары! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Кеңес үкіметі тұсында, 1926 жылдан бастап наурыз мерекесі тоқтатылды. Сол жылдардан кейін, алғашқы наурыз мерекесі ауданымыздың Қазан ауылында 1994 жылы тойланған болатын. Содан бері Әз-Наурыз ауданымызда жылдан-жылға жаңғырып, думандатып тойланып келеді. Ауылдастарымыз осы мерекені аңсап күтеді. Себебі: Наурыз — береке-бірліктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің символы.
Өткен жыл ауданымыз үшін жаман жыл болған жоқ. Мемлекет басшысы біздің ауданға келіп, халқымызбен жүздесті. 40 шақырым жол жөнделді. Бірқатар нысандар күрделі жөндеуден өтті.
Әрі қарай да сол жұмыстар жалғасын табатын болады. Биыл 60 километрге жуық тас жол салынады. Олар: Мәртөк-Дмитриевка, Дмитриевка-Байторысай, Шевченко-Қызылжар және Қаратаусай. Аудан бойынша 32 елді-мекеніміз болса, соның 15-де көгілдір отын бар. Биыл қалған ауылдарға, соның ішінде Ақмоласай, Байнассай, Первомай және Жаңажол ауылдарына газ беруді жоспарлап отырмыз.
Аудан орталығында да жасалып жатырған жұмыстар аз емес. Байтұрсынов, Озмитель, сонымен қатар қосымша тағы екі көшеге жоба жасап, асфальттау жұмыстарын жүргіземіз. 15 көшені жарықтандырмақпыз. Сонымен қатар, 1940 жылы іргетасы қаланған Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебіне арналып жаңадан екі қабатты ғимарат бой көтермек.
Осы жұмыстар жалғасын табу үшін ауданымызда, бір шаңырақ астында тұрып жатырған түрлі ұлт өкілдерін татулықта, береке-бірлікте өмір сүруге шақырамын.
Наурыз мерекесі құтты болсын!, — деді аудан басшысы.
Думанды мерекелік іс-шара барысында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптелді. Арқан тартыс, қол күресі, қой көтеру секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамына жиналғандар мерекенің басты тағамы наурыз көжеден, арнайы әзірленген палау мен ыстық бауырсақтардан ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнады. Әсем әндерді әуелете шырқаған жергілікті өнерпаздар аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ, аудан тұрғындары көңілді кештің құрметті қонағы болған Мұратбек Қаражон, «Төнкер» тобы, Қайнар Жәкей мен Еркебұлан Құмаровтар ән айтып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Мерекені тойлауға келген халық, өткізіліп жатқан мерекелік іс-шараларға дән риза. Барлығы бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.
Бұдан басқа, Наурыз мейрамы ауданның барлық елді-мекенінде өткізілді.
Наурыз мейрамы елімізге тыныштық, берекелі бірлік, саналы да салауатты ұрпақ, әрбір отбасына ынтымағы жарасқан баянды бақыт, денсаулық, мағыналы ғұмыр әкелсін. Әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.