Күшіміз бірлікте ! Үлкен қауіптің алды алынды

Көктем келісімен қыстағы қалың қар еріп, көктемгі жауынның салдарынан су тасу деңгейі күрт өседі. Еріген қар суы жұртты әуреге салатыны бар. Бұл жыл сайын мемлекетті де, халықты да алаңдататын мәселе. Ұлу жылы халқымызды бұл сынақ айналып өтпеді. Қазақстанның біршама аймақтарында су тасқыны жүріп, әбігерге салды. Ендеше, біздің ауданда оқиға қалай өрбіді?

Айдың басында қыстың ызғары күшейе түссе, соңында бірден жылы көктемнің лебі сезілгендей болды. Ауа-райының жылуынан биыл жауған қар күрт еріп, көп жерлерде су басу қауіпі орын алды. Бұл жағдай біздің ауданымызды да айналып өтпеді.
Тұрғындарды су тасқыны қауіпінен қорғау үшін жергілікті атқарушы органдар мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бірлесіп әрекет етті. Ауданда төтенше жағдай орын алмауы үшін тиісті шараларды қолға алынды. Су тасқынына қарсы шараларға барлығы 527 адам, 85 бірлік техника, 36 мотопомпа және 1 жүзу құралы жұмылдырылған. Олар тәулік бойы қызмет көрсетті. Суды сору науқаны күнделікті жүргізілді. Қауіпті деген аумақтар бүгінгі күнге дейін ерекше бақылауда.
Жалпы айтар болсақ, ауданда биыл көктемгі су тасқыны қалыпты өтті. Алдын алу жұмыстары нәтиже беріп, елді мекендер қызыл судан аман қалды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, 21 наурыз бен 2 сәуір аралығында аудан бойынша еріген қар суларын сорғылау жұмыстары қарқынды жүргізілген. Нәтижесінде, 48110 текше метр су сорылды. 12500 дана қап төселсе, оның ішінде 7500 данасы бір тәулік ішінде төселген. Сонымен қоса, бір тәулікте 35000 тонна инертті материалдар жеткізіліп, төселді.
Қабылданған шараларға қарамастан, аудан бойынша біршама үйдің аула аумақтарын су басу орын алды. Соның ішінде, Саржансайда 4 үйге су кірсе, Мәртөкте 30 және де Сарыжар ауылындағы 39 үйдің ауласын су басып кетті.
Жалпы, аудан бойынша су басу қауіпі бар деп эвакуацияланғандар саны 139, оның ішінде 42 бала болды.
Саржансай ауылының халқын эвакуациялау кезінде 306 бас ірі қара мал, 216 ұсақ мал, оның ішінде 88 ірі қара мен 45 ұсақ мал эвакуацияланды. Ал, қалған малды иелері өз күштерімен қауіпсіз жерге айдап шығарған.
Сондай ақ, 6 шаруашылық қожалық өз күштерімен 450 ірі қара және 150 ұсақ малды эвакуациялады.
Сонымен қатар, «Ақтөбе-Орынбор» тас жолының 36 шақырымында орналасқан «Ынтымақ» шаруа қожалығында 700 бас малы болса, су көлемінің көтерілуіне байланысты соның ішінен 213 ірі қара мен 60 бас ұсақ мал эвакуацияланды. Қалғаны қырлы жерге айдалды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ата-аналардан ауа-райының күрт жылуына байланысты балаларды өзен-көлдерге, су қоймалары жақын орналасқан жерлерге, бөгеттерге, құдықтарға бармауын және мұз үстіне шықпауын бақылауға алуларын сұрайды.
Алғашқы күннен бастап су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға халық жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Әркез өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер бұл жолы да төтенше жағдайлар бөлімі, әскери құрылымдар және полецейлермен бірге күндіз-түні жұмыла жұмыс жасап жүр. Олар азаматтарға алғашқы көмек көрсетуге, эвакуациялауға, азық-түлік жеткізуге көмектесті.
Аудан халқы, бірқатар кәсіпкерлер, оның ішінде «Құмсай», «Ақсу» мейрамханалары, «Лидер» АЗС-, «Айс» ЖШС, «КМГ барлау» ЖШС, «Милкер» ЖШС, «Рад Агро» ЖШС және «Есбол», «Наурызғали» шаруа қожалықтары аудан бойынша іскер әйелдер кеңесі, жеке кәсіпкерлер Әмір Сапахов, Тлеубаева, Арзу Гасанов, Фаида Гасанова, Аслан мен Жайдармен Акмурзиндер, Вера Гончарюк, Сұлтан Асқаров, Қанат Тұрлығұлов, Назым Хусаинова және аудандық Мәдениет үйінің, кітапхананың қызметкерлері, «Айгөлек» балабашасының ата-аналары ел басына түскен сын сағатта аянып қалмады.
Табиғи апатпен күреске атсалысып, игі іс атқарған барлық азаматқа ризашылық білдіреміз.
Бетті әзірлеген: Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.