Мәртөк ауданында сайлауға дайындық жұмыстары жалғасуда

Мәртөк ауданында 23 тамызға жоспарланған Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауданда 44 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның құрамында 242 адам бар. Жалпы аудан бойынша 32 сайлау учаскесінде 19 391 сайлаушы тіркелген.

Сайлау учаскелері қажетті ақпараттық және техникалық құралмен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне де қолайлы жағдай жасалған. Атап айтсақ, 26 учаскеде пандус орнатылған, арнайы автотұрақ пен тактильді бағыттағыштар бар. Сайлау күні Мәртөкте учаскелерге инватакси қатынайды.

Қазіргі уақытта сайлау комиссияларының мүшелері оқытылып, арнайы тестілеуден өтуде. Сонымен қатар кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 14 орын, үгіт материалдарын орналастыру үшін 27 арнайы орын белгіленген. Мәртөк ауданында сайлаудың ашық, заң талабына сай және жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасуда.

Әрбір дауыс — ел болашағына қосылған үлес.

Ерлан Тыныспаев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы