Нөкістен қоныс аударған қандастар Наурызды тойлады

Ауданымыз бойынша Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз дүркірете тойланып өтті. Осы орайда, 24 наурыз күні аудан орталығындағы Қарақалпақстан республикасының астанасы Нүкіс қаласынан Мәртөкке қоныс аударған қандастарымыз бірлесіп татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетіп, қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Наурыз мерекесін тойлап, ауыл тұрғындарына мерекелік кеш сыйлады.

Думанды тойға күні бұрын дайындалған олар Байғанин көшесіндегі нөмірі 2-ші үйінің алдына арнайы баннер іліп, ауланы да безендірген.
Мерекелік шараға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Туған ағайындай тату-тәтті тұрып жатқан, өнегелі шаңырақтары бар руы «Табын» қандастар ұйымдастырған бұл мерекеге 50-ден астам тұрғын қатысты.
Ұлыстың ұлы күніне орай көше тойына құрметті қонақ ретінде қатысып, құттықтау сөз сөйлеген Мәртөк ауылының әкімі Орынғали Қонысбай елге тамаша кеш сыйлап, татулығы ұйысқан ауыл тұрғындарына ұйымшылдықтарымен үлгі-өнеге бола білгендері үшін ауылдастары атынан алғыс айтып, ынтымақ, бірліктерінің нығая беруіне тілек білдірді.
Қым-қуыт тіршіліктен бір сәт уақыт тауып, керемет іс-шараға атсалысқан тұрғындар қазақы дәстүрді жалғады. Мерекеде халық бір-бірімен төс қағыстырып, жаңа күннің берекелі болуын тілесті. Арнайы дайындалған ерекше құнарлы тағам «жүгері көже», ұлттық тағамдар дастарханның сәнін келтірді.
Наурыз мейрамына арналған думанға толы шара барысында жастар жағы барлығын ұйымдастырса, келіндер қызмет қылды. Ал, сол табындардың бала-шағасының орындауындағы бояуы ұлттық нақышқа негізделген әдемі әндер мен мың бұралған бишілерінің ел қызығар тамаша билері жоғары деңгейде халыққа ұсынылды.
Қазақ халқы қашанда өздерінің төл мерекелерін тойлаған кезде ұлттық спортқа да кеңінен көңіл бөлетінін жақсы білеміз. Осы күнгі Наурыз мерекесіне арналған тойыда да қазақ халқының ұлттық спорты кеңінен насихатталып, арқан тарту, білектесу, күрес жарыстарынан сайыстар өтіп, ауыл тұрғындары арасынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Осылайша, «Алтау араз болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді» деген нақылды жүректерімен ұғынған, Мәртөкке Нөкістен қоныс аударған табындар халықтық сипатқа ие болған «Әз-Наурыз» тойының жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосып, өздерінің ынтымақ-бірліктерінің арқасында үлкен-кішісі бірдей қатысқан мерекелік концерттік бағдарламамен ел алғысына бөлене білді.
Ораза уақыты басталғаннан аңқылдаған ақкөңіл қазақ ауызашар беруге асығады. Бұл жолы да солай болып, думанды кеш ауызашармен жалғасын тапты. Ауызашарға жиылған жақсыларға арнайы үйітілген қой еті ұсынылды.
Ұлыс оң болып, ақ мол болып, ынтымағы жарасқан қандастар ел ортасында әр жыл сайын жаңа жылды татулықпен қарсы алай бергей!

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.