Президент: Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттарымен шектеліп қалуға болмайды. Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін. Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл — осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болғанын еске салды.

— Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.