Ресейге қатысты кез келген жаңалыққа сын көзбен қараймын. Әдет болып кеткен. Аталарымның аузы күйген. Немересі мен үрлеп ішемін.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған мемлекеттік сапары – тарихи мәні терең, саяси салмағы ауыр, үлкен уақиға. Бұл сапар – жай ғана дипломатиялық рәсім емес, ғасырлардан бері көрші болып, тағдыр тоғысқан екі ел арасындағы сенім мен өзара құрметтің көрінісі.
Иә, тарих беттерінде күрделі кезеңдер, саяси сынақтар аз болған жоқ. Соған қарамастан Қазақстан мен Ресей арасындағы ең ұзақ құрлық шекарасы бүгінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың нышанына айналды. Сол шекара бойында екі халық 90 жылдардан бері мәміле мен түсіністікке сүйеніп, әрбір мәселені келісім арқылы шешіп келеді.
Бұл үйлесімді қатынастың арқауы – екі ел басшылары арасындағы сенімге негізделген тұрақты байланыс. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл серіктестікке жаңа серпін беріп, Қазақстан–Ресей қарым-қатынасын кеңейтілген стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерді.
Биылғы мемлекеттік сапардың басты қорытындысы – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы декларацияға қол қойылуы. Бұл құжат – екі елдің өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаратын тарихи шешім.
Декларацияда өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру және гуманитарлық байланыс сынды салаларға айрықша басымдық берілген.
Мемлекет басшысы сапар қорытындысында «Тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады. Қазақстан–Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл – тараптардың жауапкершілігі мен өзара жұмыс істеуге дайындығын көрсетеді.
Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Владимирович Путинге алғыс білдіремін.
Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей беретініне сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Ресей бүгінде тек шекаралас мемлекет емес, ортақ тарих пен ортақ болашақты бөлісетін стратегиялық әріптестер.
Саяси мүдде – мәңгілік категория емес. Ал стратегиялық серіктестік пен одақтастық – тұрақтылықтың, сенімнің және көрші елдер арасындағы шынайы достықтың көрінісі.

Яғни дипломатияның биіктен көрінгеніне куә болдым.