Шахматтан іріктеу турнирі өтті

Бейсенбі күні Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Мәртөк ауылдық округінің мәдени және спорт күнтізбелік жоспарына сәйкес №4 Мәртөк ЖОББ мектеп қабырғасында шахматтан іріктеу турнирі өтті. Сайысты спорт ардагері Ертөс Абдрахманов ұйымдастырды. Жарыста аудан орталығынан барлығы 13 қатысушы болса, оны ең жасы оқушы 16-да, ал ең үлкені зейнеткер.
Турнирдің ашылу салтанатында Мәртөк ауылдық округінің әкімі Орынғали Қонысбай сөз алып, шахмат ойынының маңыздылығын атап өтті. Содан соң, келген қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ақыл мен тапқырлықты ту етіп, логикалық ойлауға, болашақты болжауға, есте сақтау қабілетін арттыруға септесетін интеллектуалдық ойында зердесі терең, ойы ұшқыр, таланты мол жандар білім шыңына көтеріліп, жеңіске жетті. Турнир нәтижесінде Диас Алдажаров жеңімпаз атанып, Мәртөк ауылдық округі әкімінің кубогына ие болды. Ал, Дәурен Күзембаев екінші, Алтынгүл Шүкібаева үшінші орынға қол жеткізді. Асылзат Айгалиева «Ең жас ойыншы» атағына ие болды. Шахматшылар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетсек, сайыс жеңімпаздары келесі айда шахматтан өтетін аудан әкімінің кубогіне қатысатын болады.