Ұлық мереке дәріптелді

Наурыз — іргетасы сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Қыстан қысылып шыққан халық тоң жібітер сәттен тек жақсылық күтеді. Осы орайда, аудан орталығындағы «Ерке» балабақша ұжымы ата-аналармен бірлесе отырып, осынау ұлы мейрам Ұлыстың ұлы күнін атап өтті.
Өзара 6 топ болып ауыл-ауылға бөлініп, шаңырақтар безендіріліп, қазақтың түрлі тағамдарын ұсынып қонақжайлықтарын көрсетті.
Балабақшадағы молшылық пен тоқшылық тойына, жақсылыққа бас¬тайтын әз-Наурыз мерекесіне жиналған жұртшылықты Мәртөк ауылының әкімі Орынғали Қонысбай құттықттады. Мереке барысында қазақтың ұлттық ойындары арқан тартыс, қол күрес, асық ату ойнатылып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Үлкендер тіршіліктің қазанын қайнатып абыр-сабыр, ал асық ойнап, асыр салған балалар мәз-мәйрам. Жезтаңдай әншілер әннен шашу шашса, мың бұралған бишілер мейрамның сәнін келтіре түсті. Мерекелік шараны тамашалауға келген тұрғындар түрлі спорттық ойындарға қатысып, өзара мықтыны анықтады. Шара барысында жиылғандар наурыз көжеден дәм татты. Жиылғандар шара барысында Қыдыр атаның ақ батасын алды.
Аталмыш балабақшаның меңгерушісі Ақзия Ердаулет мерекеге тыңғылықты дайындық жүргізіп, ұлттық болмысымызды дұрыс жеткізуге қатты көңіл бөлгендерін айтты. Мектепке дейінгі мекеме өзге мекемелерге үлгі болатындай шара ұйымдастырды. Шынымен де, мұнда Наурыз мерекесі жоғары деңгейде тойланды. Мұны көңілді тарқасқан көпшілік қауымның көтеріңкі көңіл-күйінен де ұғындық.