Ұстаз — ұлы есім
Халық ағарту iсiнiң үздiгi, Қазақ КСР-iнiң еңбегi сiңген мұғалiмi Ділмағамбетов Рамазан Жауылбайұлының туғанына 95 жыл. Осыған орай, аудандық тарихи-өлкетану музейі еске алу кешін ұйымдастырды. Кеш ардагер ұстаздың өмірі, өнегесі мен өлеңдеріне арналды.
Рамазан Жауылбайұлы өмірінің 50 жылын оқу-ағарту саласына арнаған қайраткер, қазғақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.1963-1986 жылдары аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. 1986-1996 жылдары Мәртөк қазақ орта мектебiнiң директоры, мұғалiмi. 1962-1986 жылдары аудандық «Бiлiм», 1998-2002ж. «Қазақ тiлi», қоғамдарының төрағасы, бiлiм бөлiмiнiң әдiскерi қызметiн атқарған. Қазақстан мұғалiмдер 4-5- Қазақстан педқоғамы 8 сьездерiнiң делегаты болып сайланған. «Мәртөк вальсі», «Мектебiм», т.б. өлеңдердің, «Атаң туралы дастан», «Айгүлiм» поэмаларының иегерi. 1963-1994 жылдары үздiксiз ауатком депутаты. Педагогика саласында республика, Одақтық баспасөз беттерiнде көлемдi ғылми-практикалық мақалалары жарияланған, КСРО пед. Академиясының мектептану зертханасының мақұлданған мақалалары бар. 1984 жылы Чехословакия, Венгрия елдерiне саяхат жасаған топ жетекшiсi. «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен, «Халықаралық бейбiтшiлiк қоры» және 4 мемлекеттiк медальдармен, 2002 жылы Қ.Р. Президентiнiң Алғыс хатымен марапатталған. «Мәртөк» энциклопедиясының редакторы.
Келелі кешке аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әлжан, Рамазан Ділмағамбетовтың қызметтестері, «Илигай» әжелер ансамблінің мүшелері, №2 ММГ, №1 МЖББОМ және №4 ЖОББМ оқушылары қатысты. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары білім саласында өзіндік ізін қалдырған ардагер еңбегі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Кешті жүргізген музей директоры Ұлдай Осанова музей қорында сақталған ұстаздың қолжазба өлеңдері мен жарыққа шыққан еңбектері, орден-медальдары, Алғыс хаттары, суреттерінен жасақталған көрме арқылы кең көлемді ақпарат беріп өтті.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Хасенұлы сөз алып, Рамазан Жауылбайұлының ауданның білім саласына жалпы, ауданның дамуына қосқан үлесі орасан зор екенін атап өтті.
Ағамыз 77 жыл ғұмыр кешкен. Еңбектене жүріп көптеген шоқтығы биік өлеңдер шығарған. Балалықтың балдәурені өткен туған жерін сағынышпен еске алып, «Құмсайым» әні балалықты аңсаудан туса керек. Кеш барысында, туған жеріне арнап шығарылған «Құмсайым», «Мектебім» әндерін Қалиса Қамзина мен Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің Қаратоғай филиалының «вокал» класының мұғалімі Нұрсәуле Жұмамұратқызы жиылғандарға орындап берді.
Шара барысында білім саласының ардагерлері Әсия Нурдинова, Қыдырбай Шудабаев, Меңсұлу Мустафина, Рамазан Ділмағамбетовтың жұбайы Қымбат Сүйінғалиева, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Тазагүл Шүйішбаевалар естеліктерімен бөлісті.
№4 Мәртөк орта мектебінің оқушылары Дильназ Азизова «Қазағымның тойлары», Тәттігүл Жұмамұрат «Ардагерге» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шоқтығы биік өлеңдерінің бірі «Мәртөк вальсі» әнімен еске алу кеші қорытындыланды.