«ЖӘДІГЕР СЫРЫ» ЖОБАСЫ НЕГІЗІНДЕ

Мәртөк аудандық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық құндылығымызды сақтай отырып көне жәдігерлерімізді насихаттау мақсатында жаңа жылдың қаңтар айынан бастап музейдің инстаграм әлеуметтік желісінде «Жәдігер сыры» жобасы негізінде айдарымыз өз жұмысын бастады.

 

Бірінші айдарымызда қазақ халқымыздың ерте кездегі тұтынған дүниесі кебеже туралы жазылды.  Жалпы кебеже дегініміз — тамақ сақтауға арналған сандық сияқты ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Оның қақпағы кәдімгі сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы да болып келеді. Жармалар не көлденең кергіш ағашпен, не таспамен жалғастырылады. Кебеженің беті де асадал сияқты кейде сырмен, кейде сүйекпен ою салып өрнектеледі. Ауқатты адамдар кебеже бетіндегі оюларды бояусыз қалдырмайды. Ою-өрнектер, әдетте, ақ, көк, қызыл, жасыл бояулармен, ал өрнектің суы (фоны) қоңыр, ашық қоңыр түсті бояулар- мен боялып, ою-өрнектің көзге анық көрініп, ерекшеленіп тұруына мән беріледі. Мұндай кебежені бояу, сырына қарай сырлы кебеже деп атайды. Осындай сәнді кебежелерді ауқатты кісілер шексіздіктің белгісін білдіретін шет ою, ағын суды тұспалдайтын ирек, ирексу, стильденген қошқармүйіз, сыңар мүйіз, тышқан із, жүрекше, сол сияқты өсімдіктер мен олардың бөліктерін тұспалдайтын көгеріс өрнектері мен ұшқан құс т.б. бейнелейтін оюлармен өрнектелген. Кебеже Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі.

Мәртөк аудандық музейдің қорына тапсырылған кебеже жәдігер туралы жазылады. Жәдігерді 2023 жылы  Монғолия елінен көшіп келген Мешітхан Бағиян өз отбасында сақталып келген кебежені музей қорына сыйға тартқан. Бұл кебеже өзінің үлкен әжесінен естелікке мұра болып қалған, айтуы бойынша кебеже 1910 жылғы. Кебеже-материалы ағаш, ұзындығы 71 см, ені 40 см, биіктігі 54 см. Қақпағы үстіңгі жағынан ашылады. Кебеженің төрт кабырғасы төрт қырлы, төрт ойық аркылы біріктірілген. Мұның тек бет жағын ғана әсемделген, ал артқы беті мен екі жанын жасыл бояумен боялған. Кебеженің беткі жағын өрнектеу кезінде сары, қызыл, жасыл, көк түстері қолданылған. Кебеженің сырты шексіз шеңбер ішіндегі өрнектермен өрнектеліп, табиғаттағы жануар елік бейнесімен бейнеленген. Табиғаттың тылсым күші, егілген ағаш бейнесі де салынған, сонымен қатар кебеженің бетін әрлеу кезінде әр түрлі өрнектермен тұйықталып, дөңгелек жер бейнесіндегі сипаттама да өрнектелген.

«Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, көнені қадірлеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздердің және жастардың міндеті. Көне бұйымдарды ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, кейінгі ұрпаққа ұлағатты мұраны жеткізу парызымыз. Көне бұйымдарды тарихи музейде сақталуы үшін осы музейге құнды мұрагерлік дүниелеріңізді тапсыруыларыңызға өтінеміз

Г.Н.Жаксыгарина,

 аудандық тарихи-өлкетану

музейінің кіші

ғылыми қызметкері.