Жаңа жыл қарсаңында балаларға сыйлықтар таратылды
Жаңа жылда әр бала сыйлық күтетіні белгілі. Ал, өзгеге жылу сыйлай білу — жүректің жомарттығы.
Аудандық жастар ресурстық орталығы жыл сайынғы игі дәстүрден айнымай аудан орталығындағы ерекше балаларға сыйлықтар таратып, жаңа жылымен құттықтады. Іс-шараның басты мақсаты — балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
— Қайырымдылық іс-шараларын өткізу жыл сайынғы үрдісімізге айналып отыр. Ерекше қажеттілігі бар кез-келген балаға қуаныш сыйлау біздің міндетіміз. Сонымен қатар айтулы іс-шараларымызға барынша атсалысып жүрген демеушілерімізге ерекше алғыс білдіреміз. Себебі балалардың көзінен қуаныш сезімін байқап тұрмын, ол дегеніміз біздің бастаған ісіміздің нәтижесі болмақ. Алдағы уақытта осы сынды түрлі іс-шаралар өткізетін боламыз, — дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.
Қайырымдылық — адамдық айнасы. Сол айнадан әрбір адам өзін көргісі келетіні анық. Өзгеге жылу сыйлай білу үшін ең әуелі жүректің тазалығы маңызды. Арамызда жомарт жандар аз емес. Осындай игі істермен халық жүрегінен орын алып жүргендер қатары көбейсе екен дейміз.