«Amanat» депутаттық фракциясының отырысы өтті
Бейсенбі күні аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Аслан Айтмағамбетов, аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері мен бөлім басшылары қатысты. Жиынға филиалдың атқарушы хатшысы ануар Искарин төрағалық етті.
Партия отырысының күн тәртібіндегі «2023-2027 жылдарға арналған Жол картасының» орындалу барысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде 29 іс-шарадан тұратын «Жол картасы» аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, жалпы жоспардың 22-сі, яғни 45 пайызы орындалса, қалған 7 іс-шараның әлі орындалу мерзімі келмеген.
«Орындалған шаралар аудандағы елді-мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, инвестиция көлемінің артуынан жаңа жұмыс орындарының ашылуына, мәдени-рухани дамуына, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, мол мүмкіндік берді», — деді Айжан Жұмабаева. Баяндамаға орай Рахат Көпжан сауал жолдап, өз пікірін білдірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе, ауыл көшелелерінің жарықтандырылуы. Бұл мәселе бойынша Мәртөк ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Бақбергенов және Қаратоғай ауылдық округінің әкімі Руслан Байсагизов баяндама жасады.
Әлібек Бақбергеновтың айтуы бойынша, 2022 жылдың жетоқсанында 225 шам сатып алынған, жыл ішінде (желтоқсан-қыркүйек) тұрғындардың өтініші бойынша шамдар орнатылған. Қазан, Құмсай және Жаңатаң ауылдарында да шамдар жаңартылған. Сонымен қатар, 23 қазан күні 100 шам сатып алынған. 27 қазаннан бастап жұмыстар жалғасын табатынын айтты.
Филиалдың атқарушы хатшысы Ануар Искарин аталған мәселелерді алдағы уақытты болдырмау үшін партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі Жол картасын пысықтап, фракциямен бірлесіп жұмыс жасалу керектігін жеткізді.
Жиын соңында Ануар Есімханұлы «Барлығымыздың мүддеміз бір. Мемлекет басшысының саясатын жүргізіп отырғандықтан, жоспарларды іске асыру бағытында қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырамын», — деді.