Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатының толық мәтіні жарияланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда «Синьхуа» агенттігіне эксклюзивті жазбаша сұхбат берді.
Сұрақ: Құрметті Президент мырза! Соңғы екі жылда Сіздің және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық басшылығымен Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік одан әрі тереңдеп, жаңа мазмұнмен байи түсуде. Екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі даму деңгейін қалай бағалайсыз?
Жауап: Қытай — Қазақстан үшін әрдайым ерекше дос мемлекет болған және болып кала береді. Бізді ұзын-сонар шекара мен тату көршіліктің көпғасырлық тарихы біріктіреді.
Тарихтың өзі Қазақстан мен Қытайға бірге болуды, бір-бірін қолдауды және халықтарымыздың жарқын болашағын бірлесе құруды бұйыртқан. «Жолы бірдің — жүгі бір».
Біз Қытаймен достықты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы мұндай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді және бүкіл еуразиялық кеңістіктегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторы қызметін атқарады.
Қазіргі таңда қазақ-қытай қарым-қатынастары бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде тұр деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл қуантады.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ықыласты көзқарасы, менің елімнің ықпалды еуразиялық держава ретіндегі рөлін терең түсінетіндігі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Тұрақты саяси диалогымыз қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің өзегіне айналды.
Кездесулеріміз әрдайым ашық әрі сенімді атмосферада өтеді. Екіжақты күн тәртібінің түйінді мәселелерін егжей-тегжейлі талқылап, өңірлік және жаһандық дамудың өзекті түйткілдері бойынша позицияларымызды саралап отырамыз.
Стратегиялық серіктестіктің мұндай сипаты жөн-жоралғылық дипломатиялық формуладан әлдеқайда жоғары. Бұл, мәнін айтқанда, кең ауқымды сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, саяси диалогты тереңдетуді, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды күшейтуді және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді қамтитын тату көршілікті нығайту бойынша тыңғылықты жұмыс.
Стратегиялық серіктестігіміз шынымен де жан-жақты сипатқа ие болғанын ризашылықпен атап өтемін. Ол сауда, инвестиция, энергетика, транспорт, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім мен мәдениетке дейінгі барлық негізгі салаларды қамтыды.
Екіжақты сауданың жаңа рекордтар орнатып жатқаны сөзімізге дәлел. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 11 пайызға өсіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында тауар айналымы 27,2 миллиард долларға жетіп, шетінен ширек өсім көрсетті. Қытай — Қазақстанның сыртқы сауда өнімдері бойынша бірінші орындағы серіктесі.
Тағы бір аспектіге назар аудартқым келеді. Біз үшін сауданың сандық өсімі ғана емес, экономикалық ынтымақтастықтың құрылымын өзгерту де маңызды.
Жаһандық дамудың қазіргі жағдайында шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға біртіндеп көшуіміз керек. Бұл — ірі бірлескен өндірістер құру, терең қайта өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және озық технологиялар трансферін жүзеге асыру деген сөз.
Бұдан кейінгі ынтымақтастығымыздың зор әлеуетін көріп отырмын. Бұл көзқарасымызды қытайлық достарымыз пен серіктестеріміздің бөлісетіндігі қуантады.
Тағы бір стратегиялық бағыт — транспорт пен логистика. Қазақстан — Шығыс пен Батысты жалғап жатқан табиғи көпір. Қытайлық серіктестермен бірлесе отырып, біз бұл географиялық артықшылықты еуразиялық ауқымдағы заманауи транспорттық-логистикалық инфрақұрылымға айналдырып келеміз.
«Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық транспорт бағдары (Орта коридор) дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы транспорттық байланыстардың мүлде жаңа конфигурациясын қалыптастыруда.
Ынтымақтастығымыздың технологиялық өлшемі ерекше маңызға ие болып келеді. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемде көш бастап тұр. Қазақстан, өз кезегінде, жеделдетілген цифрлық трансформация курсын ұстанды.
Тұтас алғанда, Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін Шанхайға жасаған жақындағы сапарым барысында Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім.
Цифрлық экономика, интеллектуалды өндіріс, электронды коммерция, ғылыми зерттеулер мен кадрлар даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық бар екені анықталды. Таяу жылдары біз елордамызда дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.
Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай серіктестігінің жаңа кезеңіндегі ең маңызды бағыттардың біріне айнала алады.
Елдеріміз халықаралық аренада қарқынды өзара іс-қимыл жасауда. Біз Бұған БҰҰ-ның орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас позицияларды ұстанамыз.
Қазақстан «Бір Қытай» саясатын берік ұстанады, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы шығады.
Біз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК шеңберіндегі үйлестіруді жалғастырамыз. Қазақстан «Орталық Азия — Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толықтай қолдайды.
Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Тарихи өлшеммен алғанда бұл салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде елдеріміз үлкен жолдан өтті.
Қалыптасқан саяси сенім деңгейі, халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ұмтылысы алдағы уақытта алға жылжу үшін бірегей перспективалар ашады.
Сондықтан алдымызда тұрған ауқымды, бірақ толық орындалатын міндеттер бар — өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін арттыру, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың сапасын көтеру.
Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен байытуға және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын.
Қазақ-қытай қарым-қатынастарының болашағы зор екеніне сенімдімін, өйткені елдеріміздің халықтары осыны қалайды. Қытай даналығы айтпақшы: «Егер адамдар жұдырықтай жұмылса, Тайшань тауын да орнынан қозғалтады».
Сұрақ: Еуразияның дәл орталығында орналасқан Қазақстан «Белдеу мен жолды» бірлесе салудағы маңызды серіктес болып табылады. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан өткізу пункттерін жаңғырту, «ақылды кеден» және цифрлық логистика құру салаларында ынтымақтастықтың жаңа форматтарын белсенді меңгеріп, сондай-ақ трансшекаралық теміржол тасымалы мен халықаралық транспорт коридорларын дамытуда жаңа нәтижелерге қол жеткізуде.
Екі елдің өзара байланыс және логистикалық коридорлар құру саласындағы ынтымақтастығының болашағын қалай бағалайсыз? Бұл ынтымақтастық Қазақстанның өңірлік транспорттық-логистикалық хаб ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға қалай ықпал етеді?
Жауап: Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан үшін транспорттық-логистикалық әлеуетті дамыту — стратегиялық басымдық. Қытайдан Еуропаға өтетін барлық жердегі транзиттік тасымалдардың 85 пайызы біздің елге тиесілі және біз бұл көлемді арттыруға ұмтыламыз.
Сондықтан Қазақстан қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толықтай қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыруға белсене қатысуға дайын. Уш құрлықтың басын қосқан бұл мегажоба идеясын ең алғаш рет Төраға Си Цзиньпиннің Астанада жариялауының символдық мәні бар.
Елдеріміз Еуразияның жаңа транспорттық архитектурасын жүйелі түрде қалыптастыруда. Бұл жұмыстың ауқымы жүк тасымалының динамикасынан анық көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 миллион тоннадан асты.
Автомобиль транспорты саласында да тасымал көлемі артып келеді. Өткен жылы 8 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданды, бұл бұрынғы жылдың көрсеткіштерінен 40 пайызға жоғары.
Таяуда ғана мен «Арал — Каспий» жаңа магистралының құрылысына старт бердім. Ол Шығыстан Батысқа қарай өткізу қабілетін екі есе арттырады, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын 5 күннен 3 күнге дейін қысқартады.
Жолаушылар авиақатынасының дамуы да маңызды. Елдеріміз арасында апта сайын 21 бағыт бойынша 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Қазақстан мен Қытайдың ең ірі қалалары мен өңірлері арасындағы бағдарлар географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.
Жақында Шанхайға жасаған сапарым барысында «Достық — Алашаңқай» екінші теміржол желісін салу туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оны іске қосу осы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілетін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы инфрақұрылымды айтарлықтай жеңілдетуге және 20 миллион тонна көлемінде қосымша жүк ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Аягөз — Тачэн» үшінші теміржолының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ынтымақтастығымызда Транскаспий халықаралық транспорт бағдары немесе Орта коридор басым орын алады. Ол Қытай мен Еуропа арасындағы транспорттық қатынастың ең маңызды буынына айналып келеді.
Біздің ортақ міндетіміз — бұл бағдарды барынша бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан біз «ақылды кеденді» енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді синхрондауға, шекаралық процедураларды автоматтандыруға ерекше мән береміз.
Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүктерді жеделдетілген түрде жылжыту үшін берік инфрақұрылымдық негіз қалай алды.
Ляньюньганьдағы бірлескен логистикалық терминал, «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеп тұр. Чэнду қаласында қазақ-қытай теміржол жүк терминалының жаңа жобасы іске асырылуда, ол жерде жақын арада қытай тарапының келісімімен Қазақстан Бас консулдығын ашады.
Іс жүзінде біз Қытайдың өндірістік орталықтарын Қазақстан арқылы Каспий өңірімен және одан әрі еуропалық нарықтармен байланыстыратын біртұтас желі құрып жатырмыз.
Осылайша, Қазақстан Еуразияның транспорттық-логистикалық хабы мәртебесін алуды көздейді, мұнда жүк тасымалдаумен қатар логистика, қайта өңдеу, өндіріс, электронды сауда және заманауи сервистер де дамитын болады.
Басқаша айтқанда, біз транзит экономикасынан транспорттық өзара байланыс экономикасына өтуіміз керек. Түптеп келгенде, міндет — біздің бірегей географиялық орналасуымыз ортақ прогреске, өңірлерді дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуінде.
Сұрақ: Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы практикалық ынтымақтастық энергетика мен сауданың дәстүрлі шеңберінен шығып, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және «жасыл» энергетика сияқты жаңа бағыттарға біртіндеп таралуда. Сонымен бірге, Сіз Қазақстанда 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, оны мемлекеттік дамудың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындадыңыз. Сонда Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа өсім нүктелері болашақта қай салаларда көрініс табады деп ойлайсыз?
Жауап: Елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын дұрыс атап өттіңіз. Бүгінде ол реалды сектордағы дәстүрлі ынтымақтастықтан бастап цифрлық экономика саласындағы серіктестікті дамытуға дейінгі ауқымды бағыттарды қамтиды.
Қазақстан аумағында қытай капиталы бар 9 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр, бұл — еліміздегі әрбір жетінші шетелдік кәсіпорын. Олардың арасында CNPC, CITIC, Huawei және басқа да ірі компаниялар бар.
Қытаймен өнеркәсіптік кооперация инвестиция көлемі 62 миллиард доллардан асатын 260 жобаны қамтиды. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуының жарқын мысалы — машина жасау саласы. Елімізде BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, Jac, Jetour сияқты брендтерді өндіру жолға қойылған. Өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автокөліктерін сериялық өндіру іске қосылды.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — металлургия. Біздің ең ірі компаниямыз «Qarmet» АҚ өндірістік қуаттарды жаңғырту, технологиалық тиімділікті арттыру және негізгі қорларды жаңарту шеңберінде жетекші қытайлық корпорациялармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап келеді.
«Жасыл» энергетика желісі бойынша серіктестік аясында қытайлық тараптың қатысуымен қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба іске асырылу сатысында.
Озық технологияларды енгізуге келетін болсақ, әлем шынымен де жаңа технологиялық циклге қадам басып келеді. Жасанды интеллект, робототехника, үлкен деректер (Big Data) және автоматтандыру жекелеген салаларды ғана емес, экономикалық дамудың моделін өзгертіп жатыр.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Digital Qazaqstan Жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.
Осылайша, Қазақстан цифрлық трансформация — экономиканы және бүкіл қоғамдық өмірді жаңғыртудың түйінді құралы екенін айқын мәлімдеді.
Сондықтан Қазақстан үшін цифрландыру саласында Қытаймен ынтымақтасу өте маңызды. Сіздердің елдеріңіз қуатты технологиялық экосистема қалыптастырды, жасанды интеллект, робототехника, электронды коммерция және басқа да салаларды дамытуда таңғажайып нәтижелерге қол жеткізді.
Өзара іс-қимылдың перспективалары шынымен де өте зор. Бұл — жасанды интеллектті өнеркәсіпте және тау-кен өндірісі секторында қолдану, энергетикалық желілерді интеллектуалды басқару, пилотсыз транспорт, цифрлық медицина, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, электронды коммерция, деректерді өңдеу орталықтары және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.
Біздің ойымызша, жасанды интеллект барынша технологиялық дамыған мемлекеттердің тар тобының артықшылығына айналмауы тиіс, тіпті геосаяси текетірес пен қысымның жаңа құралына айналмауы керек. Ол бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуге тиіс. Мемлекеттер заманауи технологияларға, білімге және есептеу ресурстарына әділ қол жеткізе алуы керек.
Бұл мәселеде біздің тәсілдеріміз Қытайдың позициясымен үндес. Осы жылдың шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаушы 29 мемлекеттің қатарына кірді.
Бұл — жасанды интеллект саласындағы елдердің күш-жігерін үйлестірудің ашық әрі тиімді халықаралық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуға ұмтылуда. Осыған байланысты Экібастұз қаласындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Долина ЦОДов) жобасының маңызы зор.
Біз Alatau City жобасына да айрықша көңіл бөліп отырмыз. Сөз бірегей экономикалық және технологиялық экосистеманы қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл жерде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект қаланы басқаруға, транспортқа, энергетикаға, білім беруге және қоғамдық сервистерге біріктірілетін болады.
Біз халықаралық тәжірибені, соның ішінде бірнеше онжылдықта жоғары технологиялардың ірі орталығына айналған Шэньчжэньнің таңғажайып үлгісін мұқият зерттедік.
Қытайлық компаниялар Қазақстанда осындай жобаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады деп үміттенемін. Таяу жылдары елдеріміз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа жоғары технологиялық саласын қалыптастыра алатынына сенімдімін.
2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда өтетін «Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумын бөлек атап өткім келеді. Экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа нақты жобаларын іске қосу алаңына айналуы тиіс бұл форумға өзім де қатысуды жоспарлап отырмын.
Сұрақ: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Қытай — Орталық Азия» механизмі, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Қытай мен Қазақстанның қатысуымен көпжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды платформалары болып табылады. Халықаралық және өңірлік жағдайдағы қазіргі терең өзгерістер аясында бұл механизмдердің өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаудағы, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің дамуы мен өркендеуіне ықпал етудегі рөлін қалай бағалайсыз? Сіздіңше, Қытай мен Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ ортақ даму мен өркендеуге ықпал ету үшін өңірлік және халықаралық істерде үйлестіру мен өзара іс-қимылды бұдан әрі қалай күшейте алады?
Жауап: Халықаралық қатынастардың заманауи жүйесі терең дағдарыста тұр. Өзара сенімсіздік кезеңі орнады, геосаяси текетірес шұғыл күшейді, БҰҰ-ның уақытпен тексерілген, баламасыз халықаралық ұйым ретіндегі беделі мен әлеуетіне нұқсан келді.
Трансшекаралық сын-қатерлер де өршіді — бұған терроризм мен климаттық өзгерістерден бастап, технологиялық теңсіздік пен жеткізілімдердің жаһандық шынжырларының бұзылуына дейінгі мәселелер жатады.
Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық халықаралық күш-жігерді шоғырландыруды қажет деп санайды. Бұл ретте Қытайдың ірі бейбітшілік сүйгіш держава ретіндегі рөлін асыра бағалау қиын.
Осы позициядан алғанда Қазақстан ШЫҰ-ның, «Орталық Азия — Қытай» форматының, АӨСШК-нің конструктивті рөлін қарастырады. Бұл көпжақты құрылымдар өзара ортақ мақсаттарды — бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық, дамуды біріктіреді.
Сондықтан ШЫҰ бөлек қызығушылық тудырады. Биыл Ұйым өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Маған 1996 жылы сәуірде Шанхайда өткен Саммитке қатысу бұйырды, ол кезде «Шанхай бестігі» құрылған болатын. Ол кейіннен көптеген елдердің қызығушылығының артуына қарай кеңейіп, күшейіп, бүгінгі ШЫҰ-ға — ең беделді әрі тиімді халықаралық ұйымдардың біріне айналды.
ШЫҰ ең маңызды нәрсені — өзара сенімге, тең құқылылыққа, диалогқа, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылуға негізделген «шанхай рухын» сақтай алды. Бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың «стандарты» ретінде қарастырамын.
Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан «Орталық Азия — Қытай» форматын толықтай қолдайды. Төтенше қысқа мерзім ішінде бұл құрылым өзінің сұранысқа ие екенін дәлелдеді, ол біздің өңірдегі мемлекеттер мен Қытай арасындағы ауқымды өзара іс-қимылдың пайдалы механизміне айналып келеді.
Егер өткенге көз жіберсек, Қытайдың Орталық Азия халықтарымен бірге Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен өркендеуіне қалай ықпал еткеніне көз жеткізуге болады. Қытай халқы қазақтарға ешқашан жамандық жасаған емес, керісінше көмектескен. Бұл дәстүрдің бүгінгі күнге дейін өз күшінде қалғаны қуантады.
Астанада өткен «Орталық Азия — Қытай» екінші Саммиті барысында елдеріміз мәңгілік тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартыға қол қойды, ол ұрпақтар достығы қағидатын заңнамалық түрде бекітті және алты ел арасындағы қарым-қатынас тарихындағы жаңа белес болды.
Жаңа дәуірде Орталық Азия елдері мен Қытай өзара тиімді өңірлік ынтымақтастықтың үлгілерін көрсетіп отыр. Қазақстан үшін біздің өңірдің бейбітшілік, тұрақтылық, жасампаз серіктестік және орнықты даму аумағы болып қалуы принципиалды түрде маңызды.
Қазір біз нақты міндеттерді шешуге күш салып жатырмыз: транспорт коридорларын дамыту, сауда кедергілерін жою, бірлескен өндірістер құру, заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу, энергетика, цифрлық экономика, ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Басқаша айтқанда, алдымызда елдеріміздің географиялық жақындығын орнықты экономикалық өзара байланысқа, ал ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін тұрақты өсімге және халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға айналдыру міндеті тұр.
Қазақстан үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) маңызы бөлек. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын біздің ел БҰҰ шеңберінде осындай форум құру бастамасымен шыққан болатын. АӨСШК Азия аумағының 90 пайызын және ғаламшар халқының жартысына жуығын қамтып, қауіпсіздік пен сенім шаралары мәселелерін талқылауда күн санап сұранысқа ие форумға айналып келе жатқаны сүйсіндіреді.
Қазақстан Қытайға АӨСШК-ге берік қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді. Біз АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастырамыз.
Сұрақ: 2026 жыл Қытай мен Қазақстан арасындағы Мәдени алмасу жылы болып жарияланды. Соңғы жылдары екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар белсендірек сипат алып, туризм, білім беру, БАҚ және жастар алмасуы саласындағы ынтымақтастық екі ел халқын бұрынғыдан да тығыз жақындастыра түсуде. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық алмасулар саласында қол жеткізілген нәтижелерді қалай бағалайсыз? Және Сіздің ойыңызша, екі ел арасындағы мәңгілік достық идеясы халықтарымыздың жүрегінде одан әрі терең орнығуы үшін тараптар екіжақты қарым-қатынастың қоғамдық негізін бұдан әрі қалай нығайта алар еді?
Жауап: Ежелгі ақиқат айтпақшы: мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас адамдар арасындағы сенімнен басталады.
Мемлекетаралық қатынастар халықтар бір-бірін білгенде, түсінгенде және құрметтегенде ғана шынымен берік болады. Сондықтан біз қазақ-қытай ынтымақтастығының гуманитарлық өлшеміне үлкен көңіл бөлеміз.
Бұл маңызды бағытта оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ресми саяси және экономикалық байланыстармен қатар азаматтарымыздың арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамыды.
2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізу бұл үрдістің айқын дәлелі болды. Өткен жылы Бейжіңде мен Қазақстанның Мәдениет орталығын аштым. Қытай жұртшылығы біздің тарихи мұрамызбен, әдебиетімізбен, музыкамызбен, кинематографиямызбен, ұлттық дәстүрлерімізбен және заманауи өнерімізбен танысуға мүмкіндік алды.
Мен білім беру саласына ерекше маңыз беремін. Бүгінде ондаған мың қазақстандық студент Қытайда білім алуда. Сонымен бірге қазақстандық университеттерді таңдайтын Қытай азаматтарының да саны артып келеді. Қазақстанда жетекші қытайлық жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеуде, академиялық ұтқырлық және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары кеңейтілуде. Мен бұған дейін тілге тиек еткен цифрландыру және жасанды интеллект қазақ-қытай мектебін құруды ұсындым.
Меніңше, бұл білім беру жобалары ғана емес, сонымен бірге екіжақты қарым-қатынастардың болашағына жасалған стратегиялық инвестициялар.
Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризмді дамытуға серпін берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 962 мыңға жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 47 пайызға артық. Елдеріміздің азаматтарының өзара саяхаттарға деген қызығушылығының артуына тікелей әуе қатынасын кеңейту және жаңа автомобиль бағдарларын ашу ықпал етіп отыр.
Біз қытайлық достарымызға Қазақстанды барлық алуан түрлілігімен — заманауи Астана мен ежелгі Туркістанды, Алматы таулары мен Маңғыстаудың бірегей ландшафтарын, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды, асханамыз бен қонақжайлылық дәстүрлерімізді көрсеткіміз келеді.
Сонымен бірге Қазақстан өзі үшін ежелгі өркениет елі — бүгінде дамудың таңғажайып үлгісін көрсетіп отырған Қытайды үлкен қызығушылықпен ашуда.
Қазақ пен қытай халықтары ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келеді. Ұлы Жібек жолы бір кездері адамдарды, мәдениеттерді, білім мен өркениеттерді біріктірген. Біздің ортақ ұлы өткеніміз халықтарымыздың достығының жарқын болашағының негізіне айналды, тарихи тағдыры бір Ұлттар қоғамдастығының табысын айқындап берді.




