ХАЛЫҚПЕН КЕЗЕКТІ ЖҮЗДЕСУ
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ» ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС МӘРТӨК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ МЕДЕТ ЫСҚАҚОВ БАЙТОРЫСАЙ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНДЕ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ.
Тұрғындар алдында атқарылған жұмыс, әлеуметтік — экономикалық даму туралы есеп берген аудан басшысы бағындырған жетістіктер мен жемісті жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды.
Сұрақ-жауап бөлімі келгенде Байторысай ауылдық округіне қарасты Дмитриевка ауылы тұрғындары жол бойындағы үйінділерді алу мәселесін ортаға салса, ал покровкалықтар Байторысай ауылындағы мектепке оқушыларды тасымалдау туралы (автобустың бұзылуы) мәселелерін көтерді.
Ал, Қызылжар ауылдық округінің халқы Қызылжар-Байторысай бағытындағы жолды жөндеу, ауылдағы тауықтардың өлім себебін анықтау, дәрілердің қажеттілігі, кітапхана мен пошта бөлімшесіне клубтың екінші жағын жөндеу мен Бөрте ауылының Тәуелсіздік көшесін жарықтандыру турасындағы сауалдарын жолдады.
Тұрғындардың сұрағына нақты жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер хаттамаға алынды. Барлық ұсыныстар сараланып, тиісті шешімдер қабылданатындығы айтылды. Кездесулерден соң аудан әкімі ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.